• Медгородок, Микрорайон 1, г Актау
  • 8-7292-503-587
  • oblstom@mail.kz
    • 30 МАР 18
    • 0
    «Ауыз қуысының туа біткен таңдай жырығы және оны емдеу» семинары

    «Ауыз қуысының туа біткен таңдай жырығы және оны емдеу» семинары

    Наурыз айының соңғы аптасы кезекті семинар жұмысына арналды. Семинар сағатын дәрігер стоматолог ортодонт Ахметова Алтынгүл Хамитқызы «Ауыз қуысының туа біткен жырығы және оны емдеу» тақырыбына арнады.

    Дәрігер стоматолог ортодонт Ахметова А.Х. 21 жыл еңбек өтілі бар, Санкт-Петербургтегі И.П. Павлов атындағы медициналық институттың түлегі. Жұмыс барысында нәрестелердің туа біткен ақауларын қалпына келтіруге және ата-аналарына психологиялық көмек беруде көп еңбек сіңіріп жүрген тәжірибелі мамандардың бірі.

    Бүгінгі көтерген тақырыбын кең көлемде ауқымды қамтылып, жан-жақты жүйе-жүйемен түсіндіріліп, көрнекі құралдарымен әріптестерге жеткізе білді. Ауыз қуысындағы таңдай жырықтарының түрлері аталып, оның пайда болу себептері, алдын-алу және емдеу жолдары көрсетілді. Статистикаға сүйеніліп соңғы 3-5 жыл аралығы мен қазіргі кезеңдегі туа біткен ақаулар салыстырылды.

    Халық арасында мұндай белгілерді «қоянжырық» және «қасқыр ауыз» деп атайтыны аян. Іштей туа біткен ақаулармен өмірге келген сәбилер туралы біздің маман дәрігерлерімізге перзентаханадан нәресте туған бойда ақпарат беріліп, стоматологтарымыз шұғыл түрде өз жұмыстарын бастайды. Ең басты көмек нәресте таңдайына обтуратор қою. Обтуратор қатты және жұмсақ таңдайда туа біткен жырыққа ортопедиялық Ильина-Маркосян обтураторын қойып көмектесу. Обтуратордың пайдасы — баланың сүт еміп тамақтануын қамтамасыз етеді. Бұл обутараторларды қою ақылы жүргізіліп келді. Облыстық стоматологиялық орталығы басшылығының ҚР денсаулық сақтау министрлігіне, жергілікті депутаттармен кездесулерінде көтеріңкі маңызды мәселелердің бірі ретінде обтуратордың тегін берілуіне 3 жыл үздіксіз көмек сұрап, қолдау хатын жолдау арқылы соңғы 2011 жылдан бастап тегін обтуратор қоюға қол жеткізілді.

    15.12.2010 жылғы № 1363 ҚР Үкіметтің қаулысы ТМККК тізіміне қосымша толықтырулар қосылып енгізілді, оған қымбат емделу түрлері, атап айтқанда, бет-жақ аумағы жүйесінің туа біткен патологиясы бар балаларға ортодонтиялық тегін көмек көрсету жүзеге аса бастады.

    Стоматолог мамандар туа біткен таңдай жырығын ауыз қуысына қатысты аномальді даму болғандықтан жаңа туылған бойда нәрестелерді тіркеуге алады. Олардың қалыптасып салмақ қосып дамып, өсіп және ота жасау кезеңіне дейін дәрігердің үздіксіз бақылауында болады. Даму белгілеріне қарай отаны сәби үш айға толғанда, яғни бес келі салмақ жинағанда жасауға болады және отаны бала 3 жасқа толғанға дейін жасап болғаны жөн, дейді мамандар. Таңдай жарығы бар балаларға өсіп-жетіліп, физикалық даму кезеңдеріне сай таңдайын жапқан пластикалық материалды белгілі бір уақытында ауыстырып тұрады. Ота жасатқан балалар 14 жасқа дейін бақылуда болады.  бүгінгі күні іштей туа біткен ерін, қызыл иек, қатты және жұмсақ таңдай жарығымен туылған балаларға пластикалық ота жасалатынын айтып өткіміз келеді.

    Отаны бала жасында жасатса, нәтиже де айтарлықтай болады, ал ересек кезінде ота жасатқан адамда тігілген жері тыртық болып көрініп тұрады және сөйлеу қабілеті нашар болады. Отаны Астанадағы «Ана мен бала» орталығында және Алматыдағы «Ақсай» балалар клиникасында жасау жолға қойылған. Баланың ернін тігуге («қоянжырық») бағытталған ота хейлопластика, ал таңдайын жабуға («қасқыр ауыз») уланопластика отасысы жасалынады .

    Туа біткен таңдай жырықтары 4 түрге бөлінеді. Жұмсақ таңдай жырығы; Жұмсақ және қатты таңдай жырығы; альвеолярлы өсіндінің, жұмсақ және қатты таңдайдың толық жырығы; Альвеолярлы өсіндінің және қатты таңдайдың алдыңғы бөлімінің толық жырығы. Әрі қарай бұлар сумбукозды, толық, толық емес, бір жақты, екі жақты болып сараланады.

    Бүгінгі 20 минуттық семинар сағатында маман дәрігер ауыз қуысына қатысты кездесетін бұл ақаулардың жан-жақты саралаа айтып, мамандарымыздың халыққа күнделікті көрсетіп жатқан бір күнгі еңбектерінің бір көрінісін ашып берді. Соның нақты дәлелі ретінде Алтынгүл Хамитқызы жұмыс орнында бір нәрестені қабылдағаны, обтуратор жасау үшін қолданған құрылғы және ата-анасымен қарым-қатынасын көрнекі құрал ретінде бейне ролик арқылы жетізіп көрсетіп берді.

    Мамандар «қоянжырық» пен «қасқыр ауыз» белгісі жатыр ішінде дамып келе жатқан сәбиде білінбей пайда болады дейді. Оған әр түрлі жағдай себеп бола алады. Сондай себептердің бірі – баланың анасында фолий қышқылының жетіспеушілігі мен анемия байқалғанда кездеседі. Бір өкініштісі, нақты себебін әлі ғалымдар таба қоймаған. Ал «жүкті әйелдің қоян етін жегеннен баласы қоянжырық болып туылады» деген әңгіме ақиқатқа жанаспайды. Семинар өткізуші Ахметова А.Х. іштей туа біткен ерін, қызыл иек, қатты және жұмсақ таңдай жарығының адамдардың әлеуметтік ахуалына, баланың ата-анасының жұмыс орнына, тұқым қуалаушылыққа байланысты пайда болады дей келе, негізінен 50-60 пайызы экологиядан деді.

    Қазіргі таңда әлемдік медицина саласында ең өзекті мәселе — дені сау баланың санын көбейтіп, ана мен баланың денсаулығын қадағалау. Осы бағытта біздің Орталықтың әр бір маманы өз үлесін қосуда, балаларды да ересектерді де емдеп, ата-аналарға психологиялық көмек көрсетіп отыру асқан жауапкершілікті талап етеді. Семинарда маман таңдаған тақырыбын толықтай ашып көрсетіп, жеткізді. Орталықтың әр бір маманына халықтың денсаулығын нығайтуда еңбектеріңіз арта берсін демекпін!

    Бақытнұр Қарсыбайқызы

     

    Leave a reply →

Photostream