• Медгородок, Микрорайон 1, г Актау
  • 8-7292-503-587
  • oblstom@mail.kz
    • 27 ФЕВ 20
    • 0
    Денсаулық сақтау министрінің орынбасары аймақтағы медициналық мекемелерді аралады

    Денсаулық сақтау министрінің орынбасары аймақтағы медициналық мекемелерді аралады

    Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олжас Әбішев Маңғыстау облысындағы бірқатар медициналық мекемелерге барды. Ол облыстағы медициналық ұйымдардың МӘМС жүйесіне дайындығын тексерді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» медициналық көмек сапасы мониторингі департаментінің директоры Ләззат Шоманова, «ӘМСҚ» Маңғыстау филиалының директоры Руслан Бектубаев та қатысты. Олжас Әбішев дәрігерлермен жиын өткізіп түйткілді мәселелерді шешу жолдарын кейінге қалдырмауға және шұғыл әрекет етуге шақырды.

    Жаңа жүйе дұрыс енгізілсе, денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығы, медициналық көмектің қолжетімділігі, амбулаторлық-дәрілік қамсыздандыруды ұлғайту, сонымен бірге мемлекет пен азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы тең дәрежедегі жауапкершілігі артады. Сондай-ақ 1 сәуіріне дейін статусы анықталмағандармен міндетті түрде жұмыс істеу керек екендігін айтты. «Жаңа жүйенің негізгі қағидаларын әлі де кеңінен түсіндіріп, әрбір пациенттің барлық сұрақтарына тұшымды жауап беріліп отыруы керек. МӘМС жүйесі туралы ақпарат кез келген аурухана мен емдеу орындарында қолжетімді болуы тиіс. 1 сәуіріне дейін қазақстандықтар шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі. Сондықтан емханаларда қызмет тегін көрсетіліп жатыр. Сақтандыру пакетіне кіретін қызметтерді тегін пайдалана алатындығы туралы ақпаратты әрбір тұрғын білуі керек», — деді Олжас Әбішев. Өңірдегі медициналық мекемелерді аралаған соң Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша дайындықты қамтамасыз ету жөнінде өңірлік штабтың отырысы өтті.

    Отырыс Олжас Әбішевтың төрағалығымен өткен басқосуда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалы директоры Руслан Бектубаев баяндама оқыды. Оның айтуынша, бұған дейін 5 медициналық мекеменің МӘМС жүйесіне дайындық жұмыстарына мониторинг жүргізіліп, бірқатар өзекті мәселелер анықталған. «Бүгінгі таңда аталған мәселелердің көпшілігі шешілді. Ал қалған мәселелер қаражат пен уақытты қажет етіп отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды өзектендіру жұмыстары бүгінде маңызды. 18 ақпан күнгі санаққа сәйкес, Маңғыстау облысы бойынша 9325 адам өзектендірілмеген. Өңірде соңғы 12 айдағы жұмысшылар саны – 207 060, ал соңғы 3 айда – 163 446. Демек 43 614 адамның статусы өзгеріп отыр, оның 20 889-ы жеңілдігі бар санатқа ауысқан», — деді Руслан Бектубаев. Отырыс соңында барлық айтылған ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, орын алған кемшіліктерді жою қажеттігі айтылды. Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев медициналық ұйымдардың басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

    Жұлдызай ҚАЛИЕВА

    Источник: https://mangystaumedia.kz/kk/zhanalyktar/mangystau-zhanalyktary/99856

    Leave a reply →

Photostream