• Медгородок, Микрорайон 1, г Актау
  • 8-7292-503-587
  • oblstom@mail.kz
    • 26 ОКТ 17
    • 0
    Есенғали Раушанов ақын аға алпыста

    Есенғали Раушанов ақын аға алпыста

    Өлеңдерін сүйіп оқып, тәнті боп, өзімнің желідегі парақшаларыма аямай жазатын ақын ағамыз Есенғали Раушанов  асқарлы 60 жасқа толыпты. Қазан айының  20-ы күні Н.Жантөрин атындағы облыстық  драма театрында облыс әкімінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» атты шығармашылық кездесу кеші өткізілді. Өнер сүйер қауым ретінде мекемеміздің бірнеше мамандары болып кешке қатыстық.

       Есенғали аға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақ АКСР-інде туған. 1973 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Келінтөбе совхозындағы №192 орта мектепті бітірген соң, 1975–1977 жж. Кеңес әскери күштері қатарында Солтүстік Кавказ әскери округінде қызмет атқарды. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Өлеңдері 1973 жылдан бері жарияланып келеді. 1983 жылы «Бердәулет пен Жоламан» атты поэмасы Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мен «Жалын» баспасының озық шығармаларға жариялаған бәйгесінде бірінші орын алды. 1983–1987 жж. «Жалын» және «Арай» журналдарында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, 1988–1995 жж. «Білім және еңбек» («Зерде») журналының бас редакторы қызметін атқарды. Қазір «Жазушы» баспасының директоры. Өзбек классигі Хамза Ниазидің өлеңдерін өзбек тілінен тікелей аударып, жеке кітап етіп шығарды. Ортағасырлық тарихи танымдық жәдігер «Темір жарғылары» да тұңғыш рет қазақ тілінде Е.Раушанов тәржімасымен сөйледі. Өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Мәскеуде өткен жас ақын-жазушылар фестивалінің, сондай-ақ Қазақ КСР-і шығармашылық жастарының «Жігер» фестивалінің тұңғыш лауреаты. Қазақ КСР-і сыйлықтарымен және тәуелсіз Қазақстанның он жылдығы медалімен марапатталған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006). «Құрмет» орденінің иегері. Қазақстанға еңбегі сіңген баспа қайраткері. Ш.Есенов атындағы Ақтау техникалық университетінің құрметті профессоры. Шығармалары: Бастау. Өлеңдер. А., «Жалын», 1980; Келінтөбе. Өлеңдер. А., «Жалын», 1984; Шолпан жұлдыз туғанша. Өлеңдер. А., 1986; Ғайша бибі. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1992; Қара бауыр қасқалдақ. Өлеңдер. А., «Жалын», 1995; Періштелер мен құстар. А., «Жазушы», 2005; Бозаңға біткен бозжусан. А., «Раритет», 2006; Құстар біздің досымыз. А., «Жазушы», 2007.

    Жазылған өлеңдерінің мазмұнына сәйкес қойылым қойылып, ән айтылып, өлең – жыр оқылып арнасынан асып төгілді. Мәрттігін көрсете білген Маңғыстаулықтардың атынан Ақтау қаласының қақ ортасынан пәтер кілті табысталып, ағаға шапан жабылды. Өнеріңіз өрге жүзіп, қаламыңыз мұқалмасын дейміз.

     

    Бақытнұр Қарсыбайқызы

    Leave a reply →

Photostream