• Медгородок, Микрорайон 1, г Актау
  • 8-7292-503-587
  • oblstom@mail.kz
    • 20 ИЮН 19
    • 0
    Медицина қызметкерлерінің күні немесе өткенге салауат

    Медицина қызметкерлерінің күні немесе өткенге салауат

    Маңғыстау өңіріндегі стоматология саласы 1978 жылы Үкімет Маңғыстау өңірінің орталығы Шевченко қаласында стоматология емханасын ашуға рұқсат етілген кезден бастау алады. Жергілікті елдің арасында бірінші бас дәрігерлердің бірі болған, стоматолог — дәрігер деген мамандықты өңірге әкелген алғаш қарлығаш, Жаңабай Қаржаубайұлы ағамызды «Маңғыстау стоматологтарының атасы» десек қателеспейміз. Бүкіл саналы ғұмырын стоматология саласына арнаған, 25 жыл бас дәрігер қызметін атқарған Жаңабай Қаржаубайұлының мектебінен шыққан мамандар бұл күнде қаланың, облыстың түкпір-түкпірінде жеке кабинеттер ашып қызмет етуде.

    Содан бері біраз жылдар өтіп, емхана бірнеше өзгерістерге түсіп бұл күні Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Облыстық стоматологиялық орталығы» болып аталады. Қазіргі басшы Машырықов Қуат Сағидоллаұлы, Алматы мемлекеттік медициналық институтының түлегі, жоғары санатты қоғамдық денсаулық сақтау және денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушысы, Денсаулық сақтау ісінің үздігі төс белгісінің 2 рет иегері, 2003 жылдан бері конкурстық жолмен тағайындалып стоматология орталығын басқарып отыр. Жаңабай ағамыздан кейін стоматология саласына жаңаша үрдіс әкелген, заманауи сапалы емдеу инновациялық технологияны енгізген білікті басшы.

    Дәл қазіргі уақытта мұнда 42 дәрігер стоматолог, 39медбике, 10 тіс технигі, 9 тіс дәрігері және есепшілер бөлімі, тіркеу, қабылдау бөлімі, сондай-ақ басқа жұмысшылар халыққа қызмет көрсетеді. Мекеме облыстағы барлық жеке кабинеттердің негізгі орталық базасы болып есептелінеді. Тарихы тереңнен бастау алатын емханада кәсіби мамандар өте көп болды, Жан бар жерде қаза бар дегендей олардың біразы арамызда жоқ. Бірақ кейінгі толқын жас мамандар стоматология саласының тұрақты қызмет жасауына өз үлесін қосып, мемлекеттік стоматология өз қызметін жалғастыруда.

    Күні кеше Алла разылығы үшін 30 күн Ораза тұтып, Ораза Айт мейрамын қуанышпен бөліскен мұсылман баласымыз. «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген данышпан елдің ұрпағы, біздерміз! Бүгінгі мереке қарсаңында мен өмірден озған өзіндік қолтаңбасы алтын әріптермен емхана қабырғасында жазылып қалған әріптестеріміз жайлы сөз етпекпін.

    Бұл әріптестеріміз еліміздің әр түрлі мекендерінде туып өскенімен, оқу орындарын бітіріп осы мекемеге келіп еңбек етіп, халыққа қызмет көрсетіп стоматология саласының қалыптасуына өзіндік жол салған ақ желеңді абзал жандар. Олар кезінде шипасын көрген, жанына дауа тапқан халықтың мәңгілік есінде!

    Мысалы Исенғалиева Сайран Сабитқызы 14 қазан 1946 жылы Атырау облысының Теңіз ауданында өмірге келіп, Орджонокидзе атындағы орта мектепті тамамдап, 1965 жылы Шымкенттегі медицина учлищесіне түсіп 1968 жылы бітіріп еңбек жолын Шевченко қалалық ауруханасында тіс дәрігері ретінде бастайды. 1978 жылдан бастап облыстық стоматология емханасына ауысады. Сайран Сабитқызы өзі еңбек еткен мезгілде білікті де білгір маман ретінде жастардың үлгі тұтар ұстазы, ұжымның бетке ұстар қызметкері болып еңбек ете жүріп 2008 жылы өмірден озды.

    Абишева Әсия Серікбайқызы 26 мамырда 1947 жылы Атырау облысында өмірге келіп, 1965 жылы М.В.Ломоносов атындағы орта мектепті тамамдап, 1965 жылы Шымкент медицина училищесіне түсіп 1968 жылы бітіріп шығып, Алматы облысындағы Сары-Өзек ауылында тіс дәрігері болып өз еңбек жолын бастайды. Жолдасының әскери қызметкерлігіне байланысты 1971 жылы Маңғыстау облысына көшіп келіп МСЧ-102 және облыстық стоматология емханасында ұзақ жылдар бойы қызмет етеді. Денсаулығы қанша сыр бергенімен елге көмек беруді басты парыз санаған Әсия Серікбайқызы жұмыстан қол үзбеді. Еңбек ете жүріп 13 ақпан 2010 жылы сырқатынан қайтыс болды.

    Благодарная Ирина Юрьевна 12 қазанда 1947 жылы Орынбор облысының Свердлов ауданының Богдановка селосында өмірге келген. 1965 жылы Ростовское на Дону медучилищесіне түсіп 1968 жылы бітіріп Ростов облысындағы Красноармейцы учаскесінде тіс дәрігері болып қызмет жолын бастап 1971 жылға дейін еңбек етеді. 1981 жылға дейін Львов, Чита, Ростов облыстарында және Литва ССР-інде еңбек етіп келіп, 1981 жылы киелі Маңғыстауға қоныс аударған Ирина Юрьевна 2006 жылға дейін стоматология емханасының беделді маманы, қазақи әдет –ғұрыпты бес саусақтай білетін, жергілікті қыз-келіншектерден айырмашылығы болмай сіңісіп еңбек етті. 1999- 2000жылдары осы орталыққа менің жаңа орналасқан жылдарым болатын, сонда осы мамандар, апалар, аналар жұптары айрылмаған дос, замандас ретінде ұжымда өте сыйлы болып қатарларын жазбай жүретін-ді. Жаста болсам осы кісілер бауырына тартты, еркінсіп, тіпті әзіліміз жарасып біреуіне «Қара шашты сұлу» (брюнетка), біреуіне «Сары шашты сұлу» (блондинка) енді біріне Атырау өңірінің туамасы болуына байланысты «Ене» дейтінмін.

    Өткен күннің бәрі елес, келер күн жұмбақ дегендей қазіргі жас мамандардан сол кісілерде болған білімділікті, ізденімпаздықты, өмірге құлшыныс, ұжымға, өзі мамандығына деген, халыққа деген сүйіспеншілікті, тәрбиені, адамгершілікті күтіп көргіміз келіп іздейміз. Қазіргі кезде халыққа көмек қолын созып жанына демеу болудың орнына қаражат жағын ойлау басым болған кезең, жас мамандарымыз басты орынға ақша табу жолын қояды. Жасырын емес, жас мамандар жеке кабинеттерді жағалайды, оларға сағат күтіп отыру, жұмысқа кешікпеу, ерте келу сияқты қағидаттар ұнамайды. Уақыт жетіспей жатқан заман, оларды да кінәлай алмаймыз, еңбек етуші адам өз еңбегін қай кезде болмасын сапалы ұсына білсе құба-құп. Дәрігер мамандығын таңдаған соң басты назарда адам өмірі, оған деген көрсетілетін көмек пен жауапкершілік және өз ісіңді сүю әр кезде де жоғары қойылады.

    Стоматология саласына еңбегі сіңген тағы бір мамандарымыз Айтмұханбетова Жұпар Даукенқызы, Нұрқабаев Ислям Сұлтанұлы, Абилов Үсенбек Нұрасылұлы болатын. Өмірден өте ерте, жас кеткен мамандарымыз Ерменов Мақсұт, Тулеев Бақытбек Достанұлы, Аугумбаев Мұрат Жексембайұлы, Сейтов Болат Қайырғалиұлы, Өтесов Жоламан, Жұмабаев Жанат, Малышкина Галина Павловна, Танғышова Талшын Қуатбайқызы және Кекусадзе Джорж Варламович, Аманқос Құсайынұлы, Дюсенбаева Сауле Қашқынқызы бар.

    2013 жылдың басында араларына көп уақыт салмай Молибог Сергей Алексеевич, Довлатян Артур Генделевич және Жабықпаев Ермек, Лященко Евгений сынды әріптестеріміз өмірден озды.

    «Адам керуен, өмір жол, жан баспаған із емес, жолымен көшкен керуеннің алды-арты да біз емес», деген өлең жолдары ширек ғасырлық тарихы бар үлкен мекеменің бірі стоматология емханасына қатысы бар. Өмірден өткен мамандарымызды еске ала отырып болашаққа нық қадам басамыз.

    Өткені жоқ халықтың болашағы жоқ, жоғарыдағы әріптестеріміздің рухтарына имандылық тілеп, қазіргі тыныш өмірімізге, еліміздің болашағына, мекемемізде әлі атқарылатын істерге сәттілік тілеймін!

    Қатарымыз бүтін болсын!

    Бақытнұр Қарсыбайқызы

    Leave a reply →

Photostream