• Медгородок, Микрорайон 1, г Актау
  • 8-7292-503-587
  • oblstom@mail.kz
    • 25 АВГ 17
    • 0
    РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ. ЭКСПО- 17.  Астанадағы Маңғыстау күндері.

    РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ. ЭКСПО- 17. Астанадағы Маңғыстау күндері.

    Аңыз өрген Маңғыстаудың мәдени күндері Үш жүз алпыс әулиеге мекен болған қасиетті Маңғыстаудың мәдени күндері 15 тамызда елорда кіндігінде орналасқан «Отан-Ана» монументіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Сол күні кешке облыс өнерпаздары ЭКСПО аймағындағы амфитеатрда мәдени шараның шымылдығын түрді. Ертеңінде «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қазақы ұстанымды ту еткен маңғыстаулықтар Арқа төсінде тыныштық тапқан Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев пен қайраткер ақын Фариза Оңғарсынованың рухтарына дұға бағыштады.

    Қазақ даласының «теңіз қақпасы» саналып келген бұл аймақтың соңғы жылдары тасы өрге домалап, несібесі артыпты. * * *

    Маңғыстау өңірі жоғарыдағы экономикалық бірегей көрсеткіштерінің сыртында заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай «ашық аспан астындағы музей іспеттес» көрікті мекен. Ерте дәуірде оғыз бен түркінің белдеуіне баланған Үстірттің бір қапталында Каспийдің толқындары жағаға ұрып жатса, екінші қапталы түгін тартса майы шығатын құнарлы аймақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауға ат басын бұрған кезекті сапарында «Маң-ғыстау тұрғындарына көп адамдар өмірінде тым құрығанда бір рет көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған» дегені бар. Демек, бұл өлке – тарихқа бай, тағылымға толы өңір. Облыс жерінде мемлекеттік қорғауға алынған 449 ескерткіш болса, оның 21-і республикалық, 428-і жергілікті маңызға ие. Сондай-ақ, археологиялық ескерткіштер саны – 253, ансамбльді кешендер – 136, сәулет нысандары – 60. Осында тізімге алынған көне қорым-бекіністер мен керуен-сарайлардың тарихы жайлы циклді фильм түсіру мақсатында экспедиция ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, Кетікқала, Қы-зылқала, Қарақабақ сияқты ортағасырлық қалашықтарға, қола дәуірге тән Саура қорымына, ерте темір дәуірінің мұрасы Айғырлы бекінісі мен Түп-қараған ғибадатханасына, Алтынқазған ғұрыптық кешеніне жүргізілген қазба жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Жоғарыдағы қазба жұмыстары кезінде табылған сақ дәуірінің мұралары артефактілер облыстық тарихи-өлкетану музей қорына алынған. Қазіргі таңда музей қорында 79250 жәдігер бар. Бұдан басқа маң далада өсетін өсімдік түрлері мен теңіз жағалауын мекендейтін 300 түрлі құстың тұлыбы экспонат түрінде музейде сақталған. Маңғыстаулық ағайындар жоғарыдағы экспонаттар арасынан тек ғана зергерлік бұйымдарды іріктеп алып келіп, елорда іргесіндегі «Этноауылда» көрме ұйымдастырды. Әсіресе, XVIII ғасырдың мұрасына жататын Адай қыздарының әшекейі: өңіржиек, өңіртал, өңіралқа, үкіаяқ көрме сөресінің сәнін келтірсе, хас шебер Әуез Сағынаева жаңғыртып жасаған «Адай қызының сәукелесі» мен 12 бөліктен тұратын белдік, қостанапты құдағи жүзік, ілмежаулық, сәйкі әйелдерге тән білезік, қайқылар ұстаған күміс шақша сияқты жауһар жәдігерлер көрерменнің көзайымына айналды. «Этноауылда» музей жәдігерлерімен қапталдас өлке шеберлерінің қолынан шыққан құнды дүниелер де сөреге жайғастырылыпты. Дені зергерлік

    бұйымдар. Атақты қолөнер шебері Түгел Оразовтың шәкірті Сағидолда Оразов осында өзі жасаған 30-ға жуық зергерлік қымбат бұйым түрлерін әкелген екен. Сағидолда зергердің басты ерекшелігі – ұлттық дәстүр жалғастығын сақтай отырып, көне сіркелеу тәсілі арқылы зерлеу, кесуді пайдалануында. Сонымен қатар, саз аспаптарын жасаудың маманы әрі 2017 жылы Атырау қаласында өткен «Үкілі домбыра» байқауының жеңімпазы Нұржан Мұсаев пен ағаш ұстасы Дәулетжан Үсеновтің қолынан шыққан домбыра, қобыз, ағаштан ойылған ыдыс-аяқтар әдемілігімен көз тартады. Үстірт өңірінде баяғыдан бері сақталып келе жатқан тағы бір құнды дүние – қыз жасауына қатысты ғұрыптық бұйымдар. Егер де, қыз ұзатып, келін түсірер болсаңыз, маңғыстаулық тігінші-оюшылар Нағима Тасмұхамбетова мен Бақтылы Бопанаевалардың қолынан шыққан шымылдық, қыз ұзату көйлегі, жасау көрпе сияқты дүниелерді қазақтың қай бұрышына да ұялмай апаруға дәтіңіз жетеді. Бұлардан басқа тек осы өлкеге тән тың жаңалық – түйенің түбіт жүні мен оның қылшықты шудасын және қойдың биязы жүнін пайдаланып өндірілген өнімдер. Атап айтқанда, аппликация әдісімен ұлттық нақышта жасалған паннолар, кәдесыйлар, сонымен қатар жұқа киізді ою-өрнекпен безендірілген күнделікті тұрмыста қолдануға ыңғайлы ер және әйел адамның киімдері, балаларға арналған кәжекейлер, сөмкелер, бөкебайлар… көрер көзге тартымды екен. Бұл заттарды шетелдік саяхатшылардың қызықтап сатып алып жатқанына куә болдық. Әсіресе, жібек пен жүнді араластырып, өрнекті пішін тудырушы ісмер Күлшат Балғабаева, қыста киюге қолайлы киіз-шапанның авторы Жансая Жұманова, киіз-қамзол жасаудың шебері Әлия Апақаева мен жұлдызқұртты көбелек матадан іс тігудің шебері Айнұр Қилыбаева, киізден бойтұмар пішіндес кәдесый жасаушы ханымдар – Ольга Варталевская, Қарлығаш Күлжанова, Күміс Жаңаева, Дариха Сүйеубаева сияқты шеберлердің бұйымы әдемілігімен әсерлі көрінді. * * *

    Астана тұрғындары мен шетелдік меймандар маңғыстаулықтардың көрмесін тамашалаумен қатар өңірдің өнеріне де куә болды. Өйткені, Үстіртте оғыз дәуірінен бері үзілмей ұштасып келе жатқан қайқы-жыршылардың керемет дәстүрі бар. Оның сыртында тума мәдениетін бұзбай сақтаған берекелі жұрт. Қазіргі таңда облыс көлемінде 66 кітапхана жұмыс істеп тұр. Осылардың 50-і ауылдық жерде орналасқан. Сондай-ақ, аймақта 39 клуб болса, оның 36-сы тағы да ауылдықтардың үлесінде. Бұлардан басқа 6 музей бар. Өңірдің мәдениет саласында 1882 адам қызмет істейді. Астанада өткен мәдениет күндері барысында маңғыстаулықтар барлығы 34 мәдени шара өткізіп үлгерді. Оған 600-ге жуық өнерпаз қамтылса, осылардың 233-і кәсіби әртістер де, қалған 120-сы этномәдени бірлестіктердің қатардағы өнер-паздары екен. Әсіресе, «Этноауылда» өткен этнографиялық театрлан-дырылған мәдени қойылым кезінде жергілікті қайқы-жыршылардың төгіп айтқан ағынды сарындары естушіні есінен тандырды. Сонымен қатар, «Сту-денттер» саябағында қойылған облыстық қуыршақ театрының «Айжан әженің ертегісі» атты спектаклі, «Жерұйық» саябағында өнер көрсеткен «Серпер» фольклорлық ұжымы, «Гүлдәурен» халықтық би ансамблі мен

    «Керуен» вокалды тобының концерттік бағдарламалары көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ, әнші Тамара Асармен бірлесіп өнер көрсеткен «Жорға» халықтық би ұжымының шығармашылығы да биік межеден көрінді. * * * Әр облыстың мәдени күндері аясында бұған дейін өткізіліп келген ұлттық спорт шаралары да өз жалғасын тапты. 18 тамыз күні «Қазанат» атшабарында маңғыстаулық «Адай ата» көкпар командасы мен Астана қаласының «Тұлпар» көкпар командасы арасында жолдастық сайыс ұйымдастырылып, Үстірттің ұландары жеңіске жетті. Сонымен қатар, қыз қуу, теңге салу, саятшылық, құмай тазы, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен өткізілген жарыстар мен шеберлік көрсетілімдер жұртшыл-ыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Осылай төрт тәулікке созылған мәдени күндердің соңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов елордадағы Ана мен бала орталығында балалар онкологиясы бөлімшесінде емделіп жатқан бүл-діршіндерге арнайы сыйлық жасап, ауыр дерт меңдеген сәбилерге қуаныш сыйлады. Сөйтіп, ән-жырмен басталған шара сауаппен аяқталды.

    Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» материал қысқартылып, ықшамдалды,

    Толығырақ: https://egemen.kz/article/157153-anhyz-oergen-manhghystaudynh-madeni-kunderi

    Дайындаған Б.Қарсыбайқызы

    Облыстық стоматология орталығы

    Leave a reply →

Photostream