• Медгородок, Микрорайон 1, г Актау
  • 8-7292-503-587
  • oblstom@mail.kz
    • 19 ИЮН 19
    • 0

    Стоматологияның қызметкерлері марапатталды

    Ақ тісің ажарың десек те соңғы кезде экология, сапасыз су, түрлі нәрселерден қызыл иек еттері қанап, тістер өздігінен сынып, бұзылатыны бар. Бұндайда емші терапевт стоматолог дәрігер іздейсіз. Бұл дәрігерлердің арасында Қосбармақова Баян Құсайынқызы орталықтың ең мықты дәрігері ретінде өз көмегін ұсынады. Баян Құсайынқызы 1987 жылы Алматы медицина институтын бітірген жылдан бері стоматологияның емдеу-терапия қызметін атқарып келеді. Еңбек жолын Маңғышлақ облыстық тіс емханасында бастады. Форт-Шевченкодегі орталық аудандық ауруханада 1988-1997 жылдар аралығында, содан кейін «Шағала» сауықтыру орнында, «Ча-Кур» ЖС-де, ал 2004 жылдан бері осы орталықта қызмет етіп келеді. Біліміне ісі сай, тәжірибелі маман 3 жыл орталықтағы ақылы емдеу бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды. Баян Құсайынқызы меңгеруші қызметтен гөрі аз да болса халыққа еміммен көмек көрсетейін деген тілекпен меңгерушілік міндетінен 2009 жылдың қаңтар айынан бастап өз еркімен босап бұл күнде тек тікелей стоматолог-терапевт қызметін атқарып жүр. Өз қызметінде соңғы кезде пайда болып шығып жатырған пломбалық материалдарды, құралдарды пайдаланады. Соның бір дәлелі «ВЕКТОР» аппаратын облысымызда ең алғашқылардың бірі болып іске қосты. Аппараттың ең тиімді жағы тістің тасы, қара дақтары алынғаннан кейін тістердің арасында пайда болған тіс қалталарын, қабынған қызыл иекті микробтардан тазартып, гидроксилапатит кальций дәрісін енгізіп аппараттың өзі емдейді. Биылғы жылдың жаңалығы қазір плазмолифтинг емін жасап жүр. Бұл емдеу тәсілі тек қана қызыл иекке ғана емес, жалпы бет терісінің әжімін кетіруге де, жасарту қасиетіне ие. Баян Құсайынқызы тісті емдеумен қатар сынған, бұзылып тұқыл болып қалған тісті қайта қалпына келтіріп бүтін тіске айналдырады (реставрация, наращивание).

    Өз мамандығының шынайы шебері атанған Б.Құсайынқызын шет ауыл, аудандардан да іздеп келіп алдын-ала жазылып көп адам емделіп, алғыс алып жүрген жан. Қазақстан Республкасы денсаулық сақтау ісінің үздігі төс белгісімен және Маңғыстау облыстық әкімдігінің мақтау грамоталарымен марапатталған. Кез-келген адам жиі барып жүріп бір шаштаразға, өзіне ұнаған нәрсесін бір дүкеннен сатып алып үйренеді. Менің өзімнің тісімді емдейтін осы Баян Құсайынқызы. Үйренгенім сонша, басқа дәрігерлерге емдете алмаймын! Бұл үшін ренжімесін, мамандар. Себебі күні кеше тісім ауырып түбі де, түсі де, түрі де сау тісімді зерттеп емдеуге ешкімнің құлқы болмады, «Аййй, Ақ Баяным-айййй» деп жылап жүріп тісімді жұлдыртқыздым! Баян қазір кезекті еңбек демалысында, еңбек ете білген адам демала да білуі қажет, демалысыңыз керемет болып , өте жақсы болып өзіңізді күтетін пациенттеріңізге аман-сау, тезірек оралуыңызды тілеймін!

    Адамдардың өздерінің тістерін күтпегендігінен, уақытында дәрігерге қаралмағандығынан кейбір тістердің емдеуге де қалпына келтіруге де келмей қалатыны кездеседі. Мұндай тістерді жұлудан басқа амал қалмайды. Ғ.Бақытжанов орталықтың белді де беделді стоматолог-оташысы, хирургия бөлімінің меңгерушісі. Тісті жұлғаннан қорқып, үркіп және тісі қақсап жанын қоярға жер таба алмай отырған ересек адам болсын бала болсын Ғалымжанның көмегінен кейін «қолы өте жеңіл екен» деп рахметін, алғысын айтып жатады. Оташы-хирург болғандықтан да бұл дәрігердің тіс жұлудан басқа оташылық міндеттері, атқаратын қызметі өте көп. Бет жақ сүйегінің соққыдан немесе тұрмыстық жарақат алуынан пайда болған сынықты тор сым арқылы таңып орнына келтіріп қалпына келтіреді. Сондай-ақ тіл астындағы, еріндегі өсінді етті уздечка, ал тіс қалтасындағы іріңді етті резекция арқылы алып ірілі-ұсақты операцияларды жүздеп жасайды. өзі басқаратын хирургия бөлімінде Өсербаев Қуаныш, Элеупов Орынтай, Мұханбетов Төлеген, Масалимов Қанат бар.

    Негізінде тісті жұлғаннан көрі емдеген жақсы деп тістің сақталуына дұрыс көңіл бөлу қажет. Кейбіреулер тісті емдегеннен жұлғанды оңай көреді, қай бір тістерді бәрібір де жұлу керек болады. Осындайда жоқ тістің орнына жасанды тістер жасау мамандары, ортопед-мамандар қажет болады. Орталықта ортопедия бөлімі бір төбе. Ортопедия бөлімін Ажигулов Тохтар Өтепұлы бастап, мұнда Сүлеймен Б.М. А.Т.Нысанов, Е. Машырықовтар еңбек етеді.

    Ортопед-стоматолог Әжіғұлов Тохтар Өтепұлы осы орталықта 1997 жылдан бері еңбек етіп келеді. Атырау өлкесінде туып-өскен ол 1976 жылы Алматы медицина институтын аяқтаған соң Гурьев емханасына еңбекке араласа жүріп Гурьев медицина училищесінде оқытушы қызметін де атқарады. 1997 жылдан бері Маңғыстауға қоныс аударып стоматология емханасына орналасады. Бірнеше жыл ортопедия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Желтоқсан оқиғасының ортасында болып, облыстық желтоқсан қоғамының төрағасы болып сайланды.

    Тіс орталығына келіп кетіп емделіп жүрген қаншама адамның ауыз қуысында біздің стоматолог-дәрігерлеріміздің қол еңбегі, қол өнері бар екенін біраз айттым. Жоғарыда аты аталған белді де беделді мамандардан басқа да көптен еңбек етіп жүрген бірнеше дәрігерлеріміз бар: Б.Исабаева, Г.Хабиева, Ф.Сейтова, Г.Жариева, А.Табылғанова, А.Султангалиева, Санахаева А.Б., Баймаганбетова К.Қ., Қисмет Г.С., жас мамандар: Е.Жаннат, Тоқаев М., Қойбағарова А.А., Жұмабаева Н.О., Машырықова А.М., Нұралиева А.,А., Нұрбергенқызы К., Мұхан М. бар.

    Терапевт мамандарымыз ересектерге және балаларға қызмет көрсетеді. Терапевтер қатарында орта буынды мамандар тіс дәрігерлері бар: Изимова Сәндігүл, Есімғалиева Ақтоты, Жекеева Гүлмира, Қожақова Жұпаргүл, Суйнова Маншук, Пелеса Роман.

    Осы стоматологиялық орталықты, қала берді облыс стоматологтарын біріктіріп, уақытында санат алуына, білімдерін көтеріп отыруына ықпал етіп отырған орталық директоры, облыстың бас стоматологы, жоғары санатты маман Машырықов Қуат Сағидоллаұлы.

    Қуат Сағидоллаұлының осы орталыққа басшы ретінде келген күнінен бастап стоматология саласында тың өзгерістер, игі бастамалар да ере келді. Өйткені дәрігер-мамандардың қызметтеріне лайық бірнеше шетелдік креслолар, облыс көлемінде пайдаланылмаған «Вектор» аппараты және пломбалық матариалдардың соңғы үлгідегі тиімді түрлері алынды. Қызметкерлердің білімін көтеру сапасына мән берілді. Алматыдағы білім жетілдіру институттарынан атақты профессорлар шақырылып денсаулық сақтау басқармасы арқылы көшпелі циклдер ұйымдастырылды. Жас маман-кадрлерді дайындау басты назарға алынды. Институттен кейін келген жас мамандардың тұрақтап өз саласында еңбек етуіне жағдайлар жасалды. Мектептерде стоматология кабинеті ашыла бастады. Дәрігерлеріміз ҚР Стоматологтарының съезі, конгресіне, ғылыми конференцияларға көптеп қатысатын болды. Қ.Сағидоллаұлының тынымсыз ізденісінің, басшылық іскерлігінің арқасында облыстың стоматология саласын таңдаған дәрігерлер, орта буын мамандары қазіргі кезде бір отбасындай ынтымақтастықта қоян-қолтық араласып халыққа өз көмектерін ұсынуда.

    Замана талабына сай Елбасымыздың жолдамасында атап айтылғандай осы емхананың біраз мамандары жекелеген кабинет ашып, өз алдарына еңбек етуде. Олардың қатарында Г.Қарайшықова, М.Нәреш, Е.Базар, К.Масақбаева, Ә.Жаманқұлов, Г.Жүсіпова, А.Дильдебаев, Т.Қожақаев, А.Кейикбаева, Ұ.Оңбергенұлы, А.Бакенова, М.Айтқазинова, кезінде осы емхана қабырғасына интерн болып келіп, бүгінде кірпіш дүниенің кетігін тауып қаланған білікті маман иелері.

    Міне бүгінгі мереке қарсаңында медицинаның бір тірегі стоматология саласы, қызметкерлері туралы аз ғана айттық. Мекемеде сондай-ақ бүгін салтанатты жиналыс өткізілді. Еңбектері еленіп халық қалаулысы болып жатқан мамандарымыз Облыстық денсаулық сақтау басқармасының «ҚҰРМЕТ» , «АЛҒЫС» хаттарымен марапатталды.

    Облыстағы барлық стоматологтар Біріккен Қазақстандық Ассоциациясы құрамында. Жыл сайынғы конгресс, съезде өлкемізден ардагер мамандар мен қазіргі жұмыс жасап жүрген мамандар Қазақстан Репсубликасы бас стоматологының және Бірлестік атынан берілетін «Еңбегі сіңген дәрігер-стоматолог» төс белгілерімен марапатталады.

    Жоғары оқу орындарын бітіріп келіп жатқан барлық жас мамандардың еңбектеріне толағай табыс тілеп, ардагер маманадардан ілгеріге жаратар қазыналы маман болуыларына тілектеспіз.

    Бақытнұр Қарсыбайқызы

    Leave a reply →

Photostream