• Медгородок, Микрорайон 1, г Актау
  • 8-7292-503-587
  • oblstom@mail.kz
    • 20 ФЕВ 18
    • 0
    Стоматология конгресі өткізілді

    Стоматология конгресі өткізілді

    Ақпанның 16-17 күндері Алматы қаласында Стоматологтардың Бірыңғай Қазақстандық ассоциациясының Кеңесі және «Сандық стоматологияның» ІҮ Халықаралық стоматологтар конгресі өткізілді.

    Бұл атаулы шараларға еліміздің барлық облыстарының филиал төрағалары қатарында Маңғыстау облысының стоматологтарының Бірыңғай ассоциациясының төрағасы ретінде Қуат Машырықов қатысып қайтты.

    2016 жылы Бірыңғай Қазақстандық стоматологтар Ассоцияциясы Дүниежүзілік стоматологтар Федерациясының құрамына кірген. Қазіргі кезде бұл қауымдастық белсенді қызмет жасайды. Маңғыстау облысының барлық дерлік мемлекеттік емес жеке стоматологиялық кабинет иелері және мемлекеттік бірден бір мекеме облыстық стоматология орталығының стоматолог мамандары, тіс дәрігерлері, тіс техниктері осы стоматологтардың Бірыңғай Қазақстандық ассоциациясы филиалы құрамында.

    Кеңесте бірлестік төрағалары жылдық қорытынды есептерін берді. Сондай-ақ конгресте Сандық стоматология бағдарламасы тыңдалды. Сандық стоматология шапшаңдықпен дамып жатқан жаңалықтарға ілесіп, стоматологиялық ауруларды емдеуге және диагностикалауда инновациялық технологияларды енгізуге ықпал етеді. Терапиялық, ортопедиялық, хирургиялық, балалар стоматологиясы мен дентальды имплантология, функционалды диагностика салаларында стоматологиялық ауруларды емдеу және алдын алудағы жаңа ғылыми жетістіктерге қол жеткізуге жол ашады.

    Алқалы жиынға филиал төрағасы өлкеміздің стоматология саласының мамандарының бір жыл бойы атқарған барлық жұмыстар тізбесін дайындап апарды. Облыс стоматологтары балалар, жасөспірімдер, қарт адамдар мен ауыл тұрғындарына өз көмектерін үздіксіз ұсынып, атқарылып жатырған жұмыстар өте көп. Қазіргі таңда тіс маманы өте жоғары тұрған, құрмет көрсетілетін мамандықтың бірі болып саналады. Соның бір көрінісі өлкеміздің өзінде соңғы жылдары медициналық институт, университет, академиялардан жас түлектердің көптеп оқу орынын бітіріп, жұмыс іздеуі болып отыр. Мемлекеттік емес жеке кабинеттердің де ашылу өсімі жоғары. Ал дербес жұмыс жасап отырған жеке кабинет иелері мен еңбек өтілі жоғары және қабылданып жатырған жас мамандарды біріктіріп, бір арнада жұмылдырып, облыс халқына стоматологиялық сапалы көмек көрсету – филиал жұмысының басты бөлігі.

    Әр бір өткен жыл үшін төрағалардың есеп беру кеңесін, конгрессін өткізудегі негізгі мақсат — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде стоматологиялық медициналық көмекті ұйымдастыруға қатысты саясатын жүзеге асырып отыруға қозғау етеді. Сонымен қатар, ТМД елдерінің қажетті де пайдалы әдістерін және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сондай-ақ Дүниежүзілік стоматологтар федерациясының ұстанып отырған саясаты мен стоматологиялық сапалы көмекті ұйымдастырудың озық үлгідегі заманауи тәсілдерімен тіс ауру дерттерін болдырмау, төмендету және алдын-алу.

    Екі күндік конгресс өз мәресіне жетіп, алда жасалатын міндеттер мен мамыр айында өткізілетін атаулы бағдарламаны айқындап берді.

    Суретте конгресс күндерінен.

    Конгресс күнделігін шолушы Бақытнұр Қарсыбайқызы

    Облыстық стоматология орталығы

    Leave a reply →

Photostream