• Медгородок, Микрорайон 1, г Актау
  • 8-7292-503-587
  • oblstom@mail.kz
    • 14 ИЮН 18
    • 0

    Құтты болсын мерекең, дәрігер!

    Барша байлықтың жиынтығы ақша немесе таудай үйілген алтын мен күміс емес, немесе жүйткіген көлік пен 2 қабатты үй емес, тек қана денсаулығың ғана! Денің сау болмаса тірнектеп жинаған байлығыңның да, үлде мен бүлдеге оранып киінген киіміңнің де құны тіптен жоқ! Сондықтан басымыз ауырса, балтырымыз сыздай қалса іздейтін жанның бірі – дәрігер.

    Дәрігерлер қандай марапатқа болса да жарасады. Адам жанының арашасы бола білетін әлемдегі бірден бір құрметке лайық мамандықтың бірі де осы дәрігер мамандығы.

    Бүгінгі төл мерекені СТОМАТОЛОГИЯ ұжымы бірқатар мақтауға лайық жетістіктермен және бағалы марапаттармен қарсы алуда.

    Ұжым басшылығы мен әкімшілігі қызметкерлердің еселі еңбегін көтермелеп отыруды, өткенін ұмытпай ардагерлерді ұлықтап жастарға өнеге ретінде шақырып ғибратты кездесулер ұйымдастыруды, болашағын болжап жастардың қабілеттерін аша білуіне мүмкіндіктің барлығын жасап, ұжым жұмысы мен ұжымдастардың денсаулық сақтау ісіндегі кешенді еңбегі өзгеге үлгі боларлықтай сара жолға қойылған. Стоматологтардың Бірыңғай Қазақстандық ассоциациясы Қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық филиалы жұмыс жасайды. Облыс көлеміндегі жеке кабинет иелері мен бірге барлық дерлік маман стоматологтар, тіс дәрігерлері, тіс техниктері және стоматология саласындағы мейірбикелер осы бірлестік құрамында. Алматы қаласында жыл сайын халықаралық стоматологтар конгресі өткізіледі.

    Мекемеде өткізілген салтанатты жиналыста атаулы мерекеде әкімшілік және кәсіподақ ұйымы атынан Медицина саласының дамуына қосқан жеке үлесі мен адал еңбегі үшін дәрігер стоматолог Сейтова Фатима Тәжіғалиқызы Маңғыстау облысы ардагерлер ассоциациясының атынан «Гиппократ» естелік төсбелгісімен және Облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Фатима Тәжіғалиқызының еңбек өтілі 37 жылды құрайтын тәжірибелі терапевт стоматолог. Жүкті әйелдер мен жасөспірім балаларды қабылдап ем жүргізеді.

    Ақтау қалалық әкімінің марапатына ие болған Бақытжанов Ғалымжан Қоянбайұлы хирург стоматолог, оның ішінде бет-жақ және ауыз қуысына қатысты түрлі өсінділерді алу ісінің, кешенді және шұғыл ота жасаудың үздік маманы.

    Жоғарыда атап өтілгендей Алматы қаласында биыл өткен стоматологтардың халықаралық конгресіне қатысып, сонда Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін омырауға тағатын «5 жылдан бері Бірыңғай Қазақстандық стоматологтар қауымдастығының құрметті мүшесі», «Стоматологиялық қызметтің үздігі» марапатымен марапатталған Сұлтанғалиева Айгүл Амангелдіқызы дәрігер стоматолог ортодонт болып абыройлы еңбек етіп

    жаңа туылған нәрестелердің таңдайы ақауын және брекет арқылы қисық тістерді қалпына келтіруші маман.

    Бұл күні тек қана дәрігер ғана емес, осы саладағы барлық мамандардың еңбектері аталып өтіледі. Мекемеде бас мейірбике қызметін атқарып жүрген Сабақбаева Гүлбаршын Ысқаққызы орта буын медбикелер звеносының үлгілі, тәжірибелі жетекші маманы. Өз мамандығын қателеспей таңдаған Гүлбаршын Ысқаққызы Гурьев медицина училищесінің 1986 жылғы түлегі. Мекеменің барлық санитарлық нормаларына жауап беретін еңбегінің орны ерек маман. Жұмыс жасаған мерзіміндегі барлық тәжірибесін колледж түлектеріне сабақ беру арқылы да көрсетіп отыр. 31 жылғы мінсіз еңбегі ескеріліп, «Маңғыстау облысы ассоциациясының ардагер маманы» төс белгісімен марапатталды.

    37 жыл еңбек өтілі бар ортопедия бөлімінің меңгерушісі Ажигулов Тохтар Өтепұлы республикалық «Денсаулық» альманах журналының алқа кеңесінің шешімімен «Алтын дәрігер» марапатына ие болды.

    Осы мекемеде бүкіл саналы ғұмырын сарп етіп, сауықтыру жұмыстарына арнаған ардагер мамандарымызды құрметтеп марапаттау дәстүрге айналған үрдіс болды. Солардың бірі де бірегейі түбегіміздегі стоматология саласының алғаш ірге тасын қалаушы, қалыптастырушы және атасы болып саналатын ардагер маман Жаңабай Қаржаубайұлының ерен еңбегін бір сөзбен, бір марапатпен атап шектелуге болмайды. Медицина қызметкерлері күні және басқа атаулы мерекелерде әрдайым шаршы төрден орын алатын Жаңабай ағамыздың аты ерекше аталып, Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін омырауға тағатын төс белгісімен марапатталып, әріптестердің ыстық ықыласына бөленді.

    Мамыр айында Алматыда өткізілген конгресте Маңғыстау облысының бірқатар мамандары марапатталды. Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының бас стоматологы Қуат Сағидоллаұлы Стоматологтардың Бірыңғай Қазақстандық ассоциациясының қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облысының филиалының төрағасы ретінде шаруашылық жүргізу құқығындағы «Облыстық стоматология орталығы» мамандарын ғана марапаттаумен шектелмей, барлық жеке кабинет иелерімен, медициналық мекемелерге қарасты стоматолог мамандардың да еңбектерін ескеріп, құрметтеуге ұсынып отырады. Атап айтқанда Түпқараған ауданынан Бохаева Айтөре, Мұнайлы ауданының зейнеткер ардагер маманы Өтетілеуов Қуан Қылышұлы, Ақтау қаласының 27–80 жеке кабинетінен Соколова Татьяна Александровна және 9–4–12 жеке кабинетінен Абдиев Тұрар Танклиұлы «Үздік стоматолог», «Стоматология ісінің ардагер маманы» тәрізді төс белгілеріне ие болды.

    Басшымыз Қуат Сағидоллаұлы ҚР Бас стоматологы, Стоматологтардың Бірыңғай Қазақстандық Ассоциациясының Қоғамдық Бірлестігінің президенті С.С.Есембаеваның ұсынуымен Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін омырауға тағатын белгісімен марапатталды.

    Бірін бірі шынайы құттықтаған, ыстық ықыласпен ақ тілектер ақтарылған мамандардың салтанатты жиналысы өз мәресіне жетіп, күміс күлкі мен алқызыл гүл шоқтарына толы болды.

    Әр күніңіз жеңістерді құрасын,

    Емделушің тек бақыттан жыласын.

    Алғыс алып ондаған мын адамнан

    Ең соңында болсын орның – шынар шың.

    Қолың шипа, дертке дауа сөздерің

    Жылу берер күлімдеген көздерің

    Денсаулығың мықты болсын, дәрігер

    Көп болсыншы ауру жеңген кездерің – деп өлең шумақтарында айтылғандай медицина саласында тынбай еңбек етіп жүрген барлық мамандарды және бағалы марапаттарға ие болып жатқан әріптестерімізді шын жүректен төл мерекелерімен құттықтаймыз! Ораза Айтқа тұс келіп тұрған бұл мереке барша ізгі ниетті, ақ көңілді адамдардың мерекесі болсын! Мерекеден мерекеге, ауыз бекітіп Алла разылығы үшін ұстаған Оразадан Оразаға жылдан аман, айдан есен болып жете берейік!

     

    Тағы да мереке құтты болсын!

    Бақытнұр Қарсыбайқызы

    Облыстық стоматология орталығы.

    Leave a reply →

Photostream