• Медгородок, Микрорайон 1, г Актау
  • 8-7292-503-587
  • oblstom@mail.kz
    • 18 АВГ 17
    • 0
    Дәрігерлер семинары

    Дәрігерлер семинары

    Тамыздың 18-і күні ШЖҚ «Облыстық стоматологиялық орталығы» мекемесінде маман – дәрігерлердің әдеттегідей семинар сағаты жүргізілді. Семинарды дайындап, танысытырп, жүргізген жас маман Қалиева Шолпан Сайлауқызы.

    Шолпан Сайлауқызы мекемеге 2016 жылы қабылданған, Астана медицина университетінің 2014 жылғы түлегі.

    Дәрігер-стоматолог Ш.С.Қалиеваның бүгінгі жүргізген семинар тақырыбы «Ауыз қуысындағы обыр ауруларының алдын алу».

    Дүние жүзінде жылына 10 миллион адам қатерлі ісік ауруларымен ауырады, осы аурулардың 7 миллионы қайтыс болады. Химиялық заттардың әсері (пирен, антрацен, нас, бетель, фенол, алкоголь, формальдегид, гербицидтер),созылмалы механикалық жарақаттану, радиация, жасанды протездер тағы басқа жанама әсерлерден пайда болатын қатерлі ісік ауруларының алдын алған жөн.

    Ауыз қуысына стоматолог мамандардың тікелей қатысы болғандықтан қаралуға,емделуге келген әр бір науқасқа мән беріп, үлкен жауапкершілікпен қарау жүктеледі. Мұндай науқастың сыртқы бет-пішініне, тері қабатының түсіне, көзге көрінетін шырышты қабығына және ақаулар болса, оларға назар аудару қажет.

    Ауыз қуысын тексеруді қызыл еріннен бастайды, өйткені онда ақ дақтар, жарылған жерлер, жаралар болып, эпителийдің қабыршықталуы байқалуы мүмкін. Ауыз қуысын стоматологиялық айнаның, шпательдің, пинцеттің, зондтың көмегімен тексереді. Ауыз қуысының кіре берісін тексергенде, еріннің, жақ шоқтығының шырышты қабығына назар аударған жөн. Онда төмендегідей өзгерістер болуы мүмкін: а) бояудың түсінің өзгеруі, пигменттік дақ, сұр немесе қоңырқай түсті дақтар (организмге қорғасын, сынап түскен жағдайда) және қабыну процестерінің әсерінен қан кернеп қызаруы; б) шырышты қабықтың құрылысының өзгеруі (папуланың, дөңестіктің, гиперкератоздың пайда болуынан; в) шектелген сұйықтықтың жиналуы (пустула, іріңдік, шырышты қабықтағы бездің сарысулы ісігі); г) шырышты қабық бүтіндігінің бұзылуы (эрозияның, жараның, жыланкөздің болуынан). Сонымен бірге шырышты қабықтың кеуіп солғанын да байқауға болады. Шырышты қабықпен бірге, өтпелі қатпардың жағдайына, жақ шоқтығының биіктігінен (әсіресе, тіс жоқ жағдайда) қызыл иекке назар аудару керек. Тілді тексергенде, оның қалпына, мөлшеріне, түсіне, ылғалдылығына, жараның эрозияның, афтаның, тыртықтың бар жоғына және қалыңдығына (жуандығына) көңіл бөледі. Туа біткен патологияларда, қабыну процесстерінде, ісік тілдің құрылысын өзгертіп, салмағы артуы мүмкін. Тамақ астын тексергенде, оның шырышты қабығына, жақ және жақасты сілекей бездерінің өзегіне, одан бөлінген сілекейдің түр-түсіне назар аударған жөн. Қатты және жұмсақ таңдайды тексергенде, олардың шырышты қабаттарына ғана емес, сонымен бірге туа және жүре пайда болған ақаулардың ісік тәрізді заттардың бар-жоғына, жұмсақ таңдай қимылына да назар аудару керек (тыртықтанып тартылу, ымдау еттің парезі немесе параличі, жұмсақ таңдайдың жарылуы т.б.). Сонымен бірге бадамша бездеріне, жұтқыншақтың артқы және бүйір қабырғаларында өзгерістің бар-жоғын да қарау керек. Тіс қатарын тексергенде, олардың дұрыс жабылуын қадағалайды, өйткені жақ сынғанда, шығып кеткенде, әртүрлі ақауларда ол өзгеруі мүмкін. Тіс жанындағы тіндерді тексергенде қызыл иектің шырышты қабығына, онда терең қалталардың, іріңді заттың бар жоғына, тістің қызыл иек тінінен жалаңаштанбағанына және қанайтын-қанамайтындығына назар аудару керек. Егер тіс босаған болса, себебін анықтайды (ісіктің, жарақаттың салдарынан, пародонтоз т.б). Әсіресе тіс сауытының бүтіндігіне, түсін, егер сауытта қуыс болса, оның тереңдігіне, зондпен тексергенде ауыратын-ауырмайтындығына көз жеткізу қажет. Периодонттың жағдайын тісті аспаппен жайлап соғып тексереді. Егер жедел ағымды қабыну процесі болса, тісті аспаппен соққанда ауырады.

    Бет-әлпетінің ісінуі – домбығудан, қабыну инфильтратынан, ісіктен, гематоманың және сынған жақ сүйегінің орынан жылжуынан пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ бет мүшелерінің ақаулары мен деформацияларында да бет құрылысы өзгереді.

    Орналасуы — ауыз қуысының артқы аймақтары, тілдің бүйір беттері, жұмсақ таңдай, қанат – жақ сүйек қатпары.

    Ауруды бақылап дұрыс диагноз қойып, алдын алу, ем тағайындау, дәрігер пікірін қорыту диагностика саласының алдына қойған мақсаты болып есептеледі. Науқаспен танысу, оның анамнезін сұрап білуден басталады. Өйткені, дұрыс жиналған анамнез дұрыс диагноз қоюға себепші болады. Егер науқас аурудың неден басталғанын және өз шағымын дұрыс жеткізе алмаса, дәрігер жетекші және қосымша төмендегідей сұрақтар беру арқылы, науқасқа көмектесуі керек. Мысалы: аурудың бірінші белгілері қашан пайда болды, бұрын дәрігерге көріндіңізбе, қандай ем алдыңыз, оның нәтижесі қалай болды? Науқас шағымы әртүрлі болуы мүмкін. Жетекші сұрақтар арқылы дәрігер оларды мұқият анықтайды. Егер де пайда болған аурудың белгілері, ауырсыну сезімімен байланысты болса, онда «ауру ұдайы ма, жоқ ұстама тәрізді ме, қатты иә болмаса сыздап ауыра ма, бір жерде ме, әлде иррадиациялы ма, тамақ ішумен байланысты ма, жоқ па, өз бетімен бе, әлде қол тигізгенде ауыра ма?» — деген сұрақтарды шешу қажет. Ал науқас, бет әлпетінің бір жерінде ісік барына шағымданса, оның қашан пайда болғанын, тез әлде баяу үлкейгенін, тамақ ішкенде ғана пайда бола ма, әлде ылғи бір қалыпта өзгермей тұра ма, ауру сезімін тудыра ма, жоқ па, ол функционалдық өзгеріске байланысты ма (яғни ауыздың ашылуына, жұтынуына, тілдің қимылына кедергі бола ма, жоқ па?) деген сұрақтарды анықтау қажет. Дәрігерге тісін қаратуға келген науқас, бет сүйектерінің, еріннің, қабағының, ұртының, құлақ қалқанының ауқаулары мен деформацияларына шағым жасаса, олардың пайда болуына не себеп болғанын анықтау қажет (жарақаттың, қабынудың, күюдің әсері ме, әлде туа біткен кемтарлық па?). Бет-сүйек аймағының жарақатында оның қашан және қандай жағдайда болғанын, есі танып қалды ма, жоқ па, мұрыннан, құлағынан қан кетіп, құсты ма? – деген сұрақтарға жауап алу қажет. Ауыз қуысының шырышты қабығында, таңдайда, қызыл иекте, ерінде жазылмайтын жара пайда болса, оның туберкулезбен, мерез ауруымен байланысы бар-жоғын анықтау. Анамнезді жинағанда, науқастың қалай тамақтанатынын, дем алуын, тұратын жерін, жұмыс істейтін орнын, зиянды әдеттерінің бар-жоғын білу де қажет болып табылады. Науқастарды клиникалық, лабораториялық жолмен тексеруді жалпы хирургия мен терапияның талабы бойынша барлық мүшелер мен жүйелерде жүргізеді. Содан кейін ғана жақ-бет аймағын егжей-тегжейлі тексеруге кіріседі. Мұнда науқастың сыртқы бет-пішініне, тері қабатының түсіне, көзге көрінетін шырышты қабығына және ақаулар болса, оларға назар аударылады. Науқастарды қосымша тексеру тәсілдері – клиникалық диагнозды толық қою үшін қажет. Емдеудің әр сатысында нәтижесінің дұрыс екенін анықтау үшін стоматологияда көбінесе рентгенография әдісі қолданылады (ауыз қуысы ішінен және сыртынан).

    Ауыз сыртынан жасалатын рентген суретін көбіне жоғарғы жақ сүйегін, мұрын қуыстарын, шығыңқы бет сүйегін, оның доғасын, бас, мұрын сүйектерін, шықшыт, сілекей бездерін және жұмсақ тіндерді тексергенде қолданылады. Рентгенография арқылы сүйек тініндегі өзгерістерді, жақтың сынған жерлерін, шықшыттың жағдайын, ісіктің немесе қабыну процесстерінің шегін, жұмсақ тіндерде жатқан бөгде заттың орнын, сілекей бездерінде немесе өзегінде жатқан «тастардың» өлшемін анықтауға қолданады.

    Жылына стоматолог маманға келіп, тісіңізді тексертіп, ауыз қуысы ауруларының алдын – алу өз денсаулығыңызды түзету өзіңіз үшін қажет. Сондықтан да барлық аурудың алдын алу өз қолыңызда.

    Мұндай семинарлардың жиі болуы өте қажет.

    Бақытнұр Қарсыбайқызы

    Облыстық стоматология орталығы кадр маманы.

    Leave a reply →

Photostream