• Медгородок, Микрорайон 1, г Актау
  • 8-7292-503-587
  • oblstom@mail.kz
    • 01 МАР 18
    • 0
    Стоматологиядағы алғыс айту күні

    Стоматологиядағы алғыс айту күні

    Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстанда Алғыс айту күні бекітілген. Бұл мереке ШЖҚ «Облыстық стоматология орталығында» биыл екінші рет аталып өтілмекші.

    Алғыс айту күніне орай мекеме әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Маңғыстау облыстық стоматологтарының Бірыңғай Ассоциациясы Қоғамдық бірлестігі филиалы атынан стоматология саласына еңбегі сіңген бірқатар стоматолог мамандар шақырылып, марапатталып, дастарханнан дәм татып алғыс білдіріп, ақ тілектер айтылды. Мекеме директоры Машырықов Қуат мәжіліс залында шақырылған қонақтарды төрге отырғызып, әр бірінің өмірбаяндарын, еңбек жолдарын, отбастарын айтып таныстырып қызметкерлердің ду қол шапалағымен, қызу қолдауымен құттықтап марапаттарын тапсырды.

    Атап айтқанда Маңғыстау аудандық орталық ауруханасының зейнеткер стоматолог маманы Сүйетбаев Қыстаубай «Қазақстан Республикасы Еңбек сіңірген дәрігер стоматолог» төс белгісімен марапатталды. Стоматолог мамандығын 43 жыл өтілмен абыроймен атқарған Қыстаубай аға Маңғыстаудың төл перзенті, 1952 жылы туылған. Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетін 1976 жылы тәмамдаған соң, интерн ретінде туған жеріне оралып, сол жұмысын мінсіз атқарып келіп, бүгінде зейнеткерліктің жемісін көріп отырған ардагер маман, асқар таудай әке, немерелерінің қызығын көріп отырған отағасы. Ауылдық жерде өзі хирург, терапевт, ортопед мамандықтарын қатар алып халыққа өз көмегін аямаған маман.

    Дүйсенов Ходжабай 1948 жылы Түрікменстанда туылған. Түрікмен мемлекеттік медицина институтын 1974 жылы бітірген. Еңбек жолын Жаңаөзен қалалық ауруханасында интерн болып бастаған. Еңбек тәжірибесіне қарай 1980 жылдары бас дәрігер қызметтерін қоса атқарған. Жұмыс барысында қажеттілікке орай стоматолог хирург, ортопед мамандықтарын да қоса жүргізіп, келген науқастарды қабылдап, сапалы көмегін ұсынып отырған маман. Қазіргі кезде де «Стоматология» ЖШС-де өз жұмысын жалғастыруда. Дүйсенов Ходжабай аға «Қазақстан Республикасы Еңбек сіңірген дәрігер стоматолог» төс белгісімен марапатталды.

    ШЖҚ «Облыстық стоматология орталығы» маман дәрігері Исабаева Бибігүл Жұмаділлақызы 1955 жылы Оңтүстік қазақстан облысында өмірге келген.

    Алматы медицина институтының 1978 жылғы түлегі. Институт қабырғасынан кейін жолдамамен Маңғыстау өңіріне келіп өз еңбек жолын бастап, тұрмыс құрып, осында тұрақтап, алғашқы балалар стоматологиясының негізін қалаушылардың қатарына жататын еңбек өтілі 40 жылдан жоғары білікті маман. Мекеме қанша біріктіру, өзгерістерге ұшырап жатса да Бибігүл Жұмаділлақызы тұрақты түрде сапалы көмегін балаларға, жасөспірімдерге, екіқабат әйелдерге, ересектерге осы емханада өз көмегін ұсынып отырды. Біраз жылдар бойы балалар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқара жүріп, кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайланып қазіргі кезде де қызметкерлердің мүддесін қорғайтын сенімді кәсіподақ төрайымы қызметін абыроймен атқарып жүр. Исабаева Бибігүл Жұмаділлақызы «Қазақстан Республикасы үздік дәрігер стоматологы» төс белгісімен марапатталды.

    Облыстағы жеке кабинет иелері арасынан Базар Ерлан арнайы шақырылып Алғыс айтылып марапатқа ұсынылған мамандардың бірі. Базар Ерлан 1964 жылы Талдықорған облысында өмірге келген. Алматы мемлекеттік инстиутының стоматология факультетін 1987 жылы бітірген соң Маңғыстауға келіп өз еңбек жолын облыстық стоматология емханасынан бастайды. Білікті, білімді маман 2000 жылы алғашқылардың бірі болып өз алдына дербес стоматологиялық кабинет ашып қазіргі кезде стоматолог, медбике мамандарды жұмыспен қамтамасыз етіп, қала тұрғындарына өз көмегін ұсынуда. Стоматология саласындағы еңбек өтілі 30 жылды құрайды. Базар Ерланның отбасын медиктер отбасы деп атауға да болады. Жолдасы перинаталдық орталықтың маманы. «Қазақстан Республикасы үздік дәрігер стоматологы» төс белгісімен марапатталды.

    Соколова Татьяна Александровна көп жылдар бойы осы емханада еңбек еткен, қазіргі кезде жеке кабинетте жұмыс жасайды. Татьяна Александровна 1954 жылы Ресейде Алтай өңірінде өмірге келген. 1976 жылы Кемеров мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. Маңғыстауға 1977 жылы қоныс аударып стоматолог болып емханаға орналасқан. 2009 жылдан бастап Ақтаудағы жеке кабинетте қызмет атқарады. Еңбек еткен кезеңдерінде тек қана жақсы жағынан, білімді білікті маман ретінде көріне білді. Жаңа үлгідегі керамикалық тістерді алғаш жасап салушы мамандардың қатарында көптеген емделушіге сапалы тістер салып ықыласқа бөленген. Татьяна Александровна «Қазақстан Республикасы Үздік дәрігер стоматологы» төс белгісімен марапатталды.

    Ұжым алдында еңбектеріне орай Алғысқа бөленген ардагер мамандар, зор ықыласқа бөленіп, студенттік жастық шақтарын, алғашқы еңбек жылдарын, өмір жолдарындағы қызықта да қиында кезеңдерді әсерлі әңгімелеп, рахметтерін білдірді. Ұжымдастар әр бір ардагердің еңбек жолдарын қызығып тыңдап, қошеметтеп отырды. Жастар үлгі боларлық, тарихқа бергісіз жазылмаған дастан ретінде қабылдап марапат иелеріне ду қол шапалақтап құрмет білдірді. Ұжым атынан бөлімше меңгерушісі Ажигулов Тохтар, тіс технигі Атагой Георгий, балалар дәрігер стоматологы Қисмет Гүлшат марапатталып жатырған мамандармен бірге оқып, еңбекке араласқан кезеңдерін, әңгімеледі, жылы лебіздерін білдірді.

    Елбасымыз Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» — деген болатын.

    Жалпы стоматология ұжымында мамандар арасындағы ауызбіршілік,адами қарым-қатынас жоғары қойылған. Облыс көлеміндегі барлық жеке кабинеттермен, зейнеткер мамандармен, ардагерлермен тығыз қарым-қатынаста болып халыққа үздіксіз сапалы көмек көрсету стоматолог мамандардың басты мақсаты. Әріптестерімізге, халықтың алғысына бөленіп еңбектеріңіз табысты, жемісті болып жүре беріңіздер демекпіз!

    Бақытнұр Қарсыбайқызы Облыстық стоматология орталығының кадр маманы

     

    Leave a reply →

Photostream